Ауылдық жас ғалым ғаламшарды зерттейтін жасанды интеллект үлгісін жасады

172

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі "100 жаңа есім – 100 новых лиц" айдарын жалғастыруда.  

Ауылдық жас ғалым ғаламшарды зерттейтін жасанды интеллект үлгісін жасады Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Аягөз ауданының 10-сынып оқушысы Жақсылық Секенов. Ол жасанды интеллект көмегімен Марс планетасының климатын болжауға арналған бағдарлама жасап шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның ғылыми жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа қадамға айналып отыр.

Бағдарлама Kaggle платформасындағы ашық ауа-райы мәліметтерін, оның ішінде NASA-ның ғарыштық құралдарынан алынған деректерді қолданады. Машиналық оқыту әдістерінің көмегімен жүйе температурасының өзгеруін анықтап, Марстағы уақыт, орналасқан жер және маусымдарға қарай температураның қалай өзгеретінін болжайды. Жақсылық үш түрлі модельді сынап көрді: сызықтық регрессия, Random Forest және Gradient Boosting. Соңында оның таңдауы ең дәл нәтиже берген Gradient Boosting моделіне түсіпті. 

"Мен өзге планеталардағы климат қалай жұмыс істейтінін түсінгім келді. Марс ерекше қызықтырды, себебі онда атмосфера жоқтың қасы, ал температура күрт өзгереді. Осындай жағдайларды жасанды интеллект арқылы есептеуге бола ма деген ой мазалады", – дейді Жақсылық Секенов.

Оның айтуынша, бұл идея Марсқа зерттеу жүргізетін ғарыштық құрылғылар туралы деректі фильм көргеннен кейін пайда болған. Ал техникалық бөлігін ол өз бетінше меңгерген – ашық дереккөздер мен оқыту платформаларын, сондай-ақ NASA деректерін пайдалана отырып үйренген.

Мектепте Жақсылық ынталы, ізденімпаз оқушылардың бірі, ол көп оқиды және тек мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмайды. Жақсылық болашағын ғарыштық технологиялар саласымен байланыстырғысы келеді. Ол өзге планеталарды зерттеуге және болашақ ғарыштық миссияларға дайындалуға көмектесетін интеллектуалды жүйелер жасауды армандайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу