"Мектеп ұстаздарынан білген": 12 жасында ана атанған павлодарлық қызға қатысты жаңа дерек шықты

748

Жасөспірім қыздың отбасы 2019 жылы Монғолиядан Қазақстанға көшіп келген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мектеп ұстаздарынан білген": 12 жасында ана атанған павлодарлық қызға қатысты жаңа дерек шықты Фото: babyplan.ru

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодарда 12 жастағы оқушы қыз дүниеге сәби әкелді. Ол облыстық перинаталдық орталығында аман-есен босанды.

Жағдайға өңірдегі балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова араласып, біраз жайттарды анықтады.

Шарбақты ауданына тұрақтаған шаңырақ мұнда есепке алынып, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеген. Ал отағасы 12 жастағы қызы оқып жатқан мектепке жұмысқа орналасқан.

"Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған қыздың анасы 2022 жылы туған бала күтімі бойынша үйде отыр. Анасы оқи да, жаза да білмейді. Тек құжаттарға қол қойғанда өзінің есімін жазуға қабілетті. Отағасының 6 сыныптық білімі ғана бар, ешқандай мамандық меңгермеген. Мектеп қазандығында от жағушы болып еңбек еткен, бірақ қазіргі сәтте жұмыс істемейді. Үлкен қызының жүкті екенін ата-анасы мектеп ұстаздарынан білген. Педагогтердің талабымен, ата-анасының рұқсатымен УДЗ-дан өтіп, жүкті екені белгілі болған. Жасөспірім бұдан соң Павлодардағы жүкті әйелдерге арналған патология бөлімшесіне жатқызылып, арада 10 күн өткенде аудандық аурухана дәрігерлерінің қарауына жіберілген. Мұнда мектеп оқушысы үш жарым айдай уақыт болған. Осы уақыт ішінде қызға мектеп мұғалімдері мен ауыл әкімдігі киім-кешек пен аяқ киім, жеке гигиена заттарын сатып алып беріп тұрған. Оқушы мектептегі сабағын қашықтан жалғастырған", - деп хабарлады Сәуле Шәкенова.

Ал баланың әкесі аталған отбасының туысы болып келеді. Ол да кәмелет жасына толмаған.

Бүгінде зорлау бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қыздың ата-анасы зорлық жасаған туысының отбасымен байланысты үзгенін жеткізген.

"Кәмелетке толмаған ана облыстық перинаталдық орталығынан шығарылған соң қайда барып тұратыны жақын уақытта шешіледі. Сексуалдық зорлық-зомбылық фактісінің болғаны туралы қыздың әкесі де, анасы да білмейтін болып шықты. Мектеп әкімшілігі кәмелетке толмаған қыз баланың жүкті болып қалғаны және оған қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалуы мүмкіндігі туралы мәліметті уәкілетті және құқық қорғау органдарына бірден хабарлаған", - деп түсіндірді балалар омбудсмені.

Аталған оқиғадан соң Шарбақтыдағы мектеп директоры өз еркімен жұмыс орнынан кеткен. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу