Петропавлда мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан 9-сынып оқушысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. Оқушы жедел қызметке өзі білім алатын мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген. Соның салдарынан оқу процесі тоқтатылып, мектептегі адамдар қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Аталған факті бойынша жасөспірімге ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы – терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру бойынша айып тағылды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар осы мерзім ішінде пробациялық бақылауда болады.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура мұндай жалған хабарламалар адамдардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, арнайы қызметтердің күшін негізсіз жұмылдыруға, мемлекеттік қаражаттың шығындалуына және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.