Мектепке шабуыл: Павлодарда оқушылардың жартысына жуығы мектепке барған жоқ

Бұған дейін әлеуметтік желіде жалған ақпарат тараған болатын.  

Мектепке шабуыл: Павлодарда оқушылардың жартысына жуығы мектепке барған жоқ Фото: goo.edu.kz

Қаңтар айының соңында Ақтөбе облысындағы жергілікті пабликтерде мектептерде оқушыларды атып, теракт ұйымдастырылатыны туралы хабар жарияланған еді. Күні кеше дәл осындай хабарлама Павлодар облысында да тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ал бұған дейін мұндай хабарламаларды Ресейдің барлық дерлік облысының тұрғыны алған-ды. Бұл жолы павлодарлық Telegram-канал авторлары 20 адамнан тұратын топ 12 мектепке және бірнеше сауда – ойын-сауық орталығына баратынын хабарлап, оқу ордаларының тізімін жариялады.

Кейін Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жалған ақпарат таратқан адамдарды анықтау жұмысы жүріп жатқанын алға тартып, көпшілікті дүрбелеңге салынбауға шақырған еді.

Дей тұрғанмен, бүгін ата-аналардың жартысына жуығы алаңдап, балаларды мектепке жіберген жоқ. Бүгін барлығы 21,9 мың шәкірт сабақтан қалды. Яғни, шәкірттердің 44%-ы сабаққа бармады. Жергілікті білім беру бөлімінің мәліметінше, олардың 12%-ы дәлелді себептермен сабақтан қалды. Яғни, денсаулық жағдайына байланысты, өтініш жазып мектепке бармағандар бар. Жалпы алғанда, оқу орындарындағы жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр.

"Бүгін облыс мектептеріндегі оқу процесі штаттық режимде өтуде. Сабақтарды тоқтату мен қысқарту, қашықтық форматқа көшу жағдайы болған жоқ. Балалардың мектепке келмеу фактілері орын алса да, білім алушылардың ата-аналарымен шындыққа жанаспайтын ақпаратты тарату туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады Павлодар облыстық білім беру басқармасы.

Сондай-ақ, барлық мекемеде дабыл түймелері мен хабарландыру жүйелері, бейнебақылау камералары орнатылып, мамандандырылған күзет қарастырылған. Полиция басқармасының қызметкерлері де қаланың әр мектебінде кезекшілік қызмет атқаруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу