Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында қандай жұмыс жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шараларды қабылдайтыны айтылды.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жүктемесін азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту мәселесі өте өзекті.
"2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдары педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізбесі бекітілген. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында министрлік бұл құжаттар тізбесін 5-ке дейін қысқартуды көздеп отыр. Атап айтқанда: 1) сабақ жоспары; 2) үлгерімді онлайн журналда толтыру; 3) қосымша білім беру педагогтері үшін сабақтан тыс жоспарын есепке алу журналы; 4) сынып жетекшілеріне арналған "Адал азамат" бағдарламасын іске асыру жоспары; 5) сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме. Тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады", – деді министр.
Министрлік тарапынан қайталанатын функцияларды анықтау, деректерді интеграциялау және шығыстарды оңтайландыру мақсатында орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігіне бағалау жүргізілді.
"Бағалау нәтижесінде электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуді, білімді бағалауды, мемлекеттік қызметтер көрсетуді және білім алушылар контингентін есепке алуды қамтамасыз ететін 70-ден артық әртүрлі цифрлық жүйелер мен сервистердің пайдаланылатыны анықталды. Бір өңірде орта есеппен 10-ға жуық жүйе. Осыған байланысты Министрлік Бірыңғай цифрлық архитектураны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Оның негізгі құрамдас бөлігі Ұлттық білім беру деректер базасы болады", – деді ол.
Белгілі болғандай, бір мәліметтерді бірнеше рет енгізу қажеттілігін болдырмау мақсатында қолданыстағы барлық LMS-жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялауды міндеттеу жоспарланып отыр.
"Электрондық журналдар, білім беру платформалары, сабаққа қатысуды, тамақтануды және кіруді бақылауды есепке алу жүйелері қажетті мәліметтерді Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау арқылы ақпарат қайталанбай алынатын болады. Сонымен бірге Министрлік жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуге, оның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтуға бағытталған Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасын құруда. Министрлік педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайлар зерделенетін болады", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кету керек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді қандай мәселелер мазалайтынын айтқанын жазғанбыз.