Мектептер кемшіліктерді 1 қыркүйекке дейін жоюға тиіс – БҒМ

715

Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылында басталады.

Мектептер кемшіліктерді 1 қыркүйекке дейін жоюға тиіс – БҒМ

Қазақстанда "Балаға лайық" акциясының бірінші кезеңі аяқталды. Мектептер анықталған кемшіліктерді 1 қыркүйекке дейін жоюы тиіс. Бұл туралы БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде комитетке 110 мектептен 1 мыңнан аса шағым түскен. Олардың басым бөлігі мектептердегі гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, дәретхана кабиналарындағы есіктердің дұрыс жұмыс істемеуі және тағы басқасына қатысты болған. Ауладағы мектеп дәретханалары туралы 3 шағым түскен.

"Акцияның бірінші кезеңі аяқталды. Білім беру ұйымдарында кез келген адам әжетхана мен асхананың фото-видеосын жібере алатын мессенджерлердің QR-кодтары бар буклеттер таратылды. Акцияға оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысты. Мектептер мен оларды қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде болғандықтан білім ордаларының санитарлық-тұрмыстық жағдайы мен асханаларының жай-күйіне қатысты барлық шағым әкімдіктерге жіберілді", – деді комитет төрағасы.

Есенғазы Иманғалиев мектептерге акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға уақыт берілгенін атап өтті.

"Олар 1 қыркүйекке дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жіберілген қателіктермен жұмыс істеуі керек. Әкімдіктер кемшіліктерді жойғаннан кейін instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасында мектеп әжетханалары мен асханаларының "дейінгі және кейінгі" фотолар мен видеоларды жариялайды", – деді басшы.

Айта кетейік, Қазақстандағы мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізуге арналған "Балаға лайық" акциясы бір ай бұрын басталған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу