Жекеменшік мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету биылғы жылдан басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізгі жаңалықтардың бірі жекеменшік мектептердің 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақтандыру. Жаңа бастама 25 мыңнан астам баланы қамтиды. Оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 12 млрд-тан астам теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Заң мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын оқушылар үшін әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуді көздейді.
Бұрын "Жалпыға бiрдей білім беру" қорынан мектеп керек-жарақтары мен кеңсе тауарларын сатып алуға көмек тек мемлекеттiк мектеп оқушыларына ғана көрсетiлген болатын. Енді ол жекеменшік мектеп оқушыларына да қатысты болады.
"Жаңа заң аясында жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан, әлеуметтік осал отбасылардың барлық балаларына әлеуметтік көмек көрсету құзыреті беріледі. Бұл барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам", – деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.