Мектептерде оқушылардың мінез-құлқы мен әдептілігі бағаланады

245

Жоба барлық сыныптарды, сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілерін қамтиды.  

Мектептерде оқушылардың мінез-құлқы мен әдептілігі бағаланады Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, тәрбие жұмысы "Адал азамат" тұжырымдамасы аясында жүргізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сала басшысы бұл туралы Астанадағы тамыз конференциясында мәлімдеді.

– Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға арнайы сабақтар өткізіледі. Жүріс-тұрыс мәдениеті, айналаға құрмет көрсету және қарым-қатынас дағдыларын дамыту – жаңа KPI бөлігіне айналады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да басымдық беріледі. "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы аясында 2026 жылдың соңына дейін экологиялық ағарту жұмыстарының бірыңғай стандарты енгізіледі.

Ал "Жасыл мектеп" жобасы балалардың табиғатқа және жалпы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталады.

Министр бала қауіпсіздігі мен оның психологиялық әл-ауқаты – білім беру жүйесінің басты басымдығы екенін атап өтті.

– Бірінші жартыжылдықта жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4 пайызға төмендеген. Ал есепте тұрған балалардың саны 40,5 пайызға азайған. Біздің міндетіміз – білім беріп қана қоймай, құндылықтарды қалыптастыратын және әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мектеп құру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу