Мектептерде санитариялық бақылау күшейтіледі: басты назар – оқушылардың көру қабілетіне

163

Қазақстанда мектептер мен балалар мекемелеріндегі санитариялық талаптардың орындалуына бақылау күшейтілмек.   

Мектептерде санитариялық бақылау күшейтіледі: басты назар – оқушылардың көру қабілетіне Фото: gov.kz

Бұл шара балалардың денсаулығын сақтау және оқу ортасының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды.

Оның айтуынша, өткен жылы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында тірек-қимыл аппараты, көру және жүйке жүйесіне қатысты түрлі ауытқулар анықталған. Ауру құрылымында көру органдарының патологиялары басым – шамамен 40%. Сонымен қатар, жүйке жүйесі аурулары 9,4%, ал сколиоз жағдайлары 6% шамасында тіркелген.

Мамандар бұл көрсеткіштерді партада ұзақ отырумен, сынып жиһазының оқушы бойына сәйкес келмеуімен және оқу кеңістігінің дұрыс ұйымдастырылмауымен байланыстырады. Осыған орай жоспарлы тексерулер барысында парталар мен орындықтардың стандарттарға сәйкестігі, тақта мен алдыңғы қатар арасындағы қашықтық, сыныптағы жарықтандыру, микроклимат пен шу деңгейі жан-жақты бағаланатын болады.

Брифингте эпидемиологиялық ахуал да қозғалды. Өткен жылы ел бойынша қызылшаның 4 240 жағдайы тіркеліп, олардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер арасында анықталған. Ауырғандардың шамамен 80%-ы вакцина алмағандар екені айтылды. Осыған байланысты балалар мекемелерінде екпе мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстары мен бақылау шаралары күшейтілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу