Министр тамақтандыруды ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Бұған дейін мектеп асханаларындағы өнімдердің қымбаттығына байланысты проблемалар туралы жазған болатынмын. Буфет өнімдерінің бағасы көрші дүкенге қарағанда екі есе қымбат болатын жағдайлар да кездеседі. Біз мамандардың қатысуымен жұмыс тобын құрып, қажетті түзетулерді әзірледік", – дей келе, министр қандай өзгеріс енгізілгеніне тоқталды.
"Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және т.б. қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылады.
Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермейді.
Сонымен қатар енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді. Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, сонымен бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет.
Сондай-ақ ата-аналарды тамақтану туралы хабардар ету немесе оның сапасын бағалай алуы үшін білім ресурсына кезең-кезеңімен норма енгізіледі. Ол – пайдаланушыларға қызмет көрсету және қолма-қол ақшасыз төлемдер сапасын бағалауға мүмкіндік беретін тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы.
Сонымен қатар балабақшаларда, балалар үйлерінде балаларды үздіксіз тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың инфляция деңгейін ескере отырып, азық-түлік бағасының өзгеруі бөлігінде сатып алу туралы шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі көзделген", – деп жазылған Аймағамбетовтың жазбасында.
Аталған шаралар ұйымдардың азық-түліксіз қалмауын қамтамасыз етпек.
"Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты қаңтар айында мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, мысалы, картоп 100 теңге тұратын келісімшарт жасалған жағдайлар жиі кездеседі. Кейін бірнеше ай өткен соң жеткізуші тауарды жеткізуден бас тартып, нәтижесінде ұйым азық-түліксіз қалады. Сот процедурасына енгізілген жосықсыз жеткізушілердің тізімі бар екені түсінікті, бірақ көптеген жеткізуші мұны елемейді, сөйтіп жаңа ұйым ашылып, жұмысын жалғастыра береді. Бірақ бұл уақытта балабақша бүлдіршіндерді тамақпен қамтамасыз ете алмай отырады. Енді жаңа норма бойынша әкімдіктер мұндай жағдайларда осы өнімдердің орташа бағасына сәйкес ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қосымша келісім жасайды", – деп қосты ведомство басшысы.
Бұл ережелер келесі жылдан бастап қызмет көрсетушілермен жаңа келісімшарттар жасалғаннан кейін қолданысқа енгізілмек.
Айта кетсек, Алматыда мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталған. Бүгінгі таңда тамақтануды ұйымдастыру процесін оңтайландыруға және жеделдетуге бағытталған пилот қаланың үш мектебінде іске қосылған.