ҚР Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, елімізде 496 ұйым жұмыс істейді, сондай-ақ арнайы қолдауға мұқтаж балаларға арналған 1071 кабинет жабдықталған. Мектептердің 88%-да және колледждердің 80%-да инклюзивті оқыту үшін жағдайлар жасалған.
Педагог-ассистент мамандар санын бір жылда 1-ден 2,5 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Енді бұл лауазымның ашылуы мектепке дейінгі ұйымдарда да қарастырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен барлығы 9 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.
"Келесі жылдан бастап педагог-ассистенттер колледждерде дайындала бастайды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін мектепте "Жеке көмекші" лауазымы енгізіледі. Сондай-ақ, "Педагог" кәсіби стандартына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша жаңа мамандықтар енгізілуде", – деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ, қатардағы педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл біліктілікті арттыру курстарынан 5 мың педагог өтті.