Мектептерде "жарылғыш зат қойылғаны" туралы хабарламалар көбейді

606

Өскемендегі мектептерге бомба қойылды  деген, ақпарат толастар емес.

Мектептерде "жарылғыш зат қойылғаны" туралы хабарламалар көбейді Фото: azattyq-ruhy.kz

Мұндай хабарлама қаладағы 33 білім беру мекемесіне келген. Тіпті бір күнде білім ошақтарының 26 ғимаратында жарылғыш зат бар  деп хабарланған. Абырой болғанда бұлардың бәрі жалған болып шықты. Осыдан кейін балаларын мектепке жібергісі келмейтін ата-аналар көбейді.

Ұстаздар мен оқушыларды дүрліктірген ақпарат алғаш рет ақпан айының алтысында келген. Хабарлама бір күнде бірнеше білім беру мекемесінің электронды поштасына жолданған. Одан кейінгі күндері де жағдай солай. Елдің зәре-құты қашқанына 10 күн болды. Қазір қала мектептеріндегілердің бойын қорқыныш билеген. Сондықтан ата-аналар балаларын сабаққа жіберуге үрейленеді.

"Жалғыз мен емес, туыс-туғандарым да алаңдап отыр. Ең алдымен балалардың өмірінен қорқамыз. Полицейлер неге әлі күнге дейін кінәлілерді ұстамай отыр. Сол жағы түсініксіз болып тұр", дейді Өскемен қаласының тұрғыны Қуаныш Аманов.

Бүгінге дейін 186 ата-ана баламызды сабаққа жібермейміз  деп, арыз берген. Мектеп директорлары оларға сабақтарын онлайн оқуға рұхсат еткен. Алайда, барлық мектеп оқушыларын қашықтан оқуға ауыстыруын сұрайтындар да көп.  

"Жалған ақпаратты алдық деп негізге алып, балаларды үйде отырғызып қоя да алмаймыз. Сондықтан енді ата-аналардан жеке түскен арыздардың барлығын қарастырып, мектеп директорлары қашықтан оқуға әрине, мүмкіндік беріп жатыр", дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.

Қаладағы мектепте 43 мың оқушы, алты мыңға жуық мұғалім бар. Білім бөлімінің  жағдай қайталана берсе, тиісті министрліктегілермен ақылдасып, ата-аналар өтінішіне қатысты бір шара қолданамыз деді. Ал тәртіп сақшылары Қылмыстық Кодекстің 273-бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізіп жатыр.

"Жалған ақпарат берген азаматтардың қолында қазіргі интернет жүйесіндегі көптеген мүмкіншіліктер бар. Олардың қолдарында техникалық мүмкіншіліктер бар. Сол себептен дереу анықтауға мүмкіншілік жоқ", дейді ШҚО ПД бастығының орынбасары Медет Бердімұратов. 

Полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін бүгін болмаса да ертең анықтайтындарына сенімді. Айта кетейік, алғаш рет мұндай жағдай былтыр қараша айында болған. Бір күнде 6 мектепте жарылғыш зат бар  деген хабар тарап, көп ұзамай бір оқушы күдікті ретінде ұсталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу