Қаладағы мектептерге спорттық жабдықтар сатып алуға қалалық бюджеттен 40 млн 216 мың теңге бөлінген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Мектептер гимнастика және жеңіл атлетикамен айналысу үшін шаңғы, коньки, футбол және волейбол доптарын, спорт жабдықтарын сатып алған. Бұдан басқа, қаладағы 20 мектеп "Sumruk Kazyna Trust" қорынан спорт жабдықтарын сатып алуға сертификаттарға ие болды.
"Биылғы жылы қалалық бюджеттен бізге 1 млн 948 мың теңге бөлінді. Біз әртүрлі доптар, орта және жоғары звеноға 36 жұп шаңғы мен коньки сатып алдық. Үш миллион теңгеден астам қаражат футбол алаңының күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінді, толығымен жабынды ауыстырылды және жарықтандыру жүргізілді. Бір миллион теңгедей шахмат және 200 мың теңге тоғызқұмалақ кабинеттеріне кетті. "Sumruk Kazyna Trust" төрт миллион теңгеден астам демеушілік көмек көрсетті. Бұл ақшаға бастауыш сыныптар үшін спорттық жабдықтар сатып алдық", - дейді № 25 жалпы орта білім беру мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Ермек Әубәкіров.