"Мектептерге барып, балаларды атамыз": Ақтөбеліктер үрейде отыр

1376

Қазір полиция хабарлама таратқандарды іздестіріп жатыр. 

"Мектептерге барып, балаларды атамыз": Ақтөбеліктер үрейде отыр Фото: Almaty.tv

Ата-аналар арасында балаларын түстен кейінгі сабақтарға жібермей қалғандар да көп. Өйткені, хабарламада ондаған мектеп пен екі ойын-сауық орталығының тізімі көрсетілген. Ал, атысты ертең номері 21-інші және 27-інші мектептерден бастаймыз деп жазған. Сондай-ақ, өздерінің 20 адам екенін, бұл "жорыққа" бір жыл бойы дайындалғандарын да айтуды ұмытпаған. Бүгін Ақтөбе жұрты үрейде отыр.

"Естіп жатырмыз. Келінім айтты. Әрине, қорқып қалдық. Қазір немеремді алып келе жатырмын. Кез-келген ана баласының амандығын тілейді ғой. Ертең балаларды  сабаққа жібермейміз деп жатқан таныстарым көп", - дейді қала тұрғыны Шара Қаржаубаева.

Облыстық білім басқармасының басшылығы алаңдауға негіз жоғын айтып, тұрғындарды сабырға шақырды. Бүгін мектептерде сабақ штаттық режимде өтіп жатыр.

"Ата-аналарға негізсіз алаңдаушылыққа бой бермеу қажеттігін ескертеміз. Қауіпсіздік органдарымен жұмыс істеп отырмыз. Бүгіннен бастап алдағы үш тәулік бойы барлық білім беру мекемелерінде бақылау күшейтіледі",- деді басқарма басшысы Жайық Сұлтан.

Бұл хабарламадан кейін әлеуметтік желі арқылы жалған ақпараттар да көбейіп кетті. Мәселен, номері 32-інші мектепте атыс болғаны, кейбір оқушылардың іздестіріліп жатқаны туралы да жазба тараған еді. Бұл білім ордасына Облыс әкімінің өзі барып, ақпараттың өтірік екені хабарланды. Құқық қорғау органдары тек ресми хабарламаларға ғана сену қажет екенін ескертті. Полиция терроризм актісі туралы үрейлі хабарлама таратқандарды іздестіріп жатыр. Ақтөбе қалалық Полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев:

"Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылды. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз", - деді.

Қаладағы жеке меншік мектептердің бірі ертеңгі сабақтардың онлайн режимде өтетінін хабарлап үлгерді. Ал, басқа білім беру мекемелері әзірге хабарлама жасаған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу