Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерге оқулықтар сатып алу үшін бюджеттен 1 миллиард 760 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттың басым бөлігі 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптардың кітаптарын жаңалауға жұмсалмақ. Себебі, аталған сыныптар биыл Назарбаев интеллектуалды мектебінің үлгісі бойынша білім алуға көшеді. Осыған орай, өңірдегі мектептер оқулықтармен толық қамтылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының өкілдері мәлімдеп отыр.
Алдағы оқу жылында Шығыс Қазақстандағы мектептерге 184 мыңнан астам оқушы барады. Олардың 21 мыңы білім ұясының табалдырығынан алғаш рет аттайды. Облыстағы барлық мектептердің саны 663 болады. Мектеп формасының мәселесі де назардан қалған жоқ. Қазіргі таңда облыс бойынша оқушылар киімін тігумен 30-дан астам кәсіпорын айналысады.