"Мектепті жарып жіберемін": Теміртаулық оқушы жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан

530

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.  

"Мектепті жарып жіберемін": Теміртаулық оқушы жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан Фото: ekaraganda

Теміртаулық оқушы мектепте жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан, деп жазады inbusiness.kz eKaraganda сайтына сілтеме жасап. 

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 14 желтоқсан күні сағат 13.00 шамасында белгісіз біреу Теміртау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына қоңырау шалған. Ол "№20 мектепті жарып жіберетінін" айтқан.

Оқиға орнына шұғыл әрекет ететін саперлер мен арнайы мамандар жіберілген. Тәртіп сақшылары білім беру мекемесінен 500 адамды эвакуациялады. Олардың ішінде мұғалімдер мен оқушылар бар. Жалпы білім беру мекемесінің аумағы қоршауға алынды.

Полиция тексеру барысында жарылғыш затты таппады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Теміртау қаласы Полиция басқармасының экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған оқу орнының 12 жасар оқушысын анықтады. Ол үйге барғысы келгендіктен мектепте "мина қойылды" деп хабарлама таратқанын айтқан.

Айта кету керек, елімізде терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл (14,5 млн теңге) немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары түріндегі жаза, сондай-ақ 5 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығын айыру қарастырылған. Бұл қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу