Мемқызметкерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат

3218

Мынадай қымбатшылық заманда мемлекеттік қызметкерлер де отбасын қамтамасыз етуі қажет. Ал олардың алып жүрген жалақылары бала-шағасына жетпей жатуы таңқаларлық жағдай емес. Мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болмаса, басқа ешкім ойламайтын болса керек.

Мемқызметкерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат

Аудандар мен қалаларда қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің арасында жұбайы сауда-саттықпен немесе өзге кәсіппен айналысып жүргендері көп. Ал мемлекеттік қызметкердің өзі қосымша жұмыс істей алмайды. Оған рұқсат жоқ. Жалақының жете бермейтіні тағы бар.

Өткен жылы мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс кезде шығармашылық және өзге де ақылы қызметпен айналысу тәртібін қамтамасыз ету ойластырыла бастаған болатын. Соның нәтижесі болар, ҚР Мемелекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметкерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат беруді заң жобасының тұжырымдамасында ұсынып отыр. Заң жобасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Егер бұл заң қабылданса, Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша жұмыс істеуге заңды түрде рұқсат берілмек.

Ал әзірге "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы" Заңының 13-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің өзге де ақы төленетін және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде кәсіпкерлік қызметке қатысуға құқығы жоқ. Олар тек ақылы педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық жұмысты ғана қосымша атқаруы мүмкін. Заң жобасының тұжырымдамасы жайлы хабарламада "Қазіргі таңда бұл бағытта белгілі бір шаралар қолға алынып жатқанымен, мемлекеттік қызметкерлер лайықты жалақы алмай отыр. Осыған байланысты, біздің ойымызша, бұл шектеулерді әлсіретіп, оларға қосымша табыс алу мүмкіндігін беру қажет" делінген.

Тұжырымдаманы түзушілердің пікірінше, қосымша жұмыс мемлекеттік қызметтің беделін түсірмеуі және мемлекет мүддесіне қайшы келмеуі керек. Мемлекеттік қызметкерлер қосымша істейтін жұмыстардың жекелеген түрлерін шектейтін критерийлер белгіленеді екен. Мысалы, өзінің атқарып жүрген міндетіне кедергі келтіруі, абыройын түсіруі, мүдделер қақтығысын туындатуы мүмкін деген қосымша жұмысты істеулеріне тыйым салынады. 

Тұжырымдамада "Біз заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің кәсіпкерлік қызметпен айналысуына шектеулерді сақтай отырып, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысу мүмкіндігі туралы мәселені пысықтауға болады деп есептейміз" делінген.

Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің жұмысын орындаушы жергілікті тұлға ғой. Ал ондай тұлға қаражаттан тарықпауы да керек. Мемлекеттік қызметкердің жалақысын көбейту халықтан ұят. Өйткені халықтың ішінде мемлекеттік қызметкерден аз жалақы алатындар өте көп. Шыны керек, мемлекеттік қызметкердің қосымша жұмыс істеп, отбасына қаймаққа жаймақ жасағанының ешбір сөкеттігі жоқ сияқты.

Мемлекеттік қызметкердің қосымша жұмыс істеуі оның негізгі жұмысының сапасын төмендетеді деген пікір жаңсақ айтылатын болса керек. Шын мәнінде негізгі жұмыс пен қосымша жұмыс бір-бірін толықтырып отыратын сияқты. Себебі мемлекеттік қызметкер өз саласынан тыс кеңістікті де күн сайын көріп, қорытынды жасап отырады. Ал мұндай тәжірибе жұмыс бабындағы талдау жүргізу ісіне пайдалы болар.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі не болса да дұрыс әрекет жасаған екен.

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу