Мемқызметшілер жазбаша келісімін бергенде ғана қосымша жұмысқа шығады

922

Заң мемлекеттік органдарда жүзеге аса бастайды.  

Мемқызметшілер жазбаша келісімін бергенде ғана қосымша жұмысқа шығады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде (МҚІА) Әдеп жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия құрамына МҚІА төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, парламент депутаттары, ғалым-зерттеушілер, қоғам қайраткері, блогерлерлер кірді. Отырысқа бірқатар министрліктің жауапты хатшылары мен кадр қызметінің басшылары қатысты.

Еңбек заңнамасы жөнінде сарапшы, ҚазГЗУ доценті Бибігүл Нұрашева комиссияның отырысында қаралған мәселе жайлы пікірін білдірді.

"Отырыста үстеме жұмыс сынды мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды мәселелер талқыланды. Біздің Еңбек кодексімізде адамның демалу құқығы, 8 сағаттық жұмыс күні нақты жазылған. Құқық бұзушылық фактілері бар. Біз негізге алуға болатын бірқатар ұсыныс жасадық. Айтылған ұсыныстар жүзеге аса жатар. Еңбек министрлігі де үстеме жұмыс істеудің алдын алу жөнінде ұсынымдар әзірлегенін айтты. Біздің бірлесе атқарған жұмысымыз жақсы нәтижеге жеткізеді деп ойлаймын", – деді сарапшы.

Бибігүл Нұрашева мемлекеттік қызметкерлер үстеме жұмыс істесе де, Еңбек кодесінде жазылған заңның сақталуы қажет екенін айтты.

"Болашақта мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауын тоқтату керек. Оларды жұмысқа шығуға шақырсақ, Еңбек кодесінің 77 бабын сақтауымыз керек. Онда әр жұмыскерді тек жазбаша келісімін берген кезде ғана үстеме жұмысқа шығаруға болатыны жазылған. Бұның бәрі әдеп комитетінің бақылауымен мемлекеттік органдарда жүзеге аса бастайды", – деді ол.

 Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу