Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауды ұсынды

2563

Оның айтуынша, жастар реформалардың игілігін міндетті түрде көреді.  

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Президент коронавирус пандемиясы әлі аяқталмағанын, сондықтан

арқаны кеңге салуға болмайтынын атап өтті.

"Вакцинация, ревакцинация жұмыстары жалғасады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, елдің бірлігін нығайту өте маңызды.

"Жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан жалпы ұлттық бірлігімізді бекемдеп, табысымызды арттырып, еліміздің күш-қуатын нығайта беру өте маңызды. Осылайша, біз дамудың жаңа сатысына шығуымыз керек. Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында", - деді Президент.

Ол жастардың болашағына баса мән беретінін жеткізді.

"Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауды ұсынды.

"Балаларға ерекше назар аударуымыз қажет. Олардың амандығы –

мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп санаймын. Мұндағы мәселенің ұрандар мен мерекелерге қатысы жоқ. Ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау саласындағы билік органдарының балалық шақты қорғауда нақты шараларға назар аударған жөн. Біздің жалпыұлттық міндетіміз –

өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы және бақытты балалық шақ", - деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға ізгі тілегін білдірді.

"Жаңа жыл кешінде бәріміз мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз. Келер күннен тек жақсылық күтеміз. Қазақтың жыл қайыру дәстүрі бойынша 2022 жыл Барыс жылы. Асқар шыңды мекендейтін, тау барысын халқымыз киелі санаған....

Алдағы жыл еліміз үшін тың қарқынмен дамитын берекелі жыл болсын. Жаңа жылда әр шаңырақ шаттыққа кенелсін. Баршаңызға амандық, бақыт тілеймін. Егемен еліміз өсіп, өркендей берсін... Жаңа жыл құтты болсын", - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу