Мемлекет басшысы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованы қабылдады

744

Мемлекет басшысы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.  

Мемлекет басшысы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованы қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа омбудсмен офисінің құқық қорғау қызметі бағытында атқарып жатқан жұмыстары, оның ішінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған маңызды шешімдер жайында баяндалды.

Бұл шешімдер азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдігін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Эльвира Әзімова Президентке әйелдердің, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық және атқарушы деңгейлерде қабылданатын шаралар туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында құқық қорғау қызметімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдауды кеңейту, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жалғастыру, сондай-ақ, Адам құқықтары бағытындағы заң шығару процесіне Уәкілді және азаматтық қоғам өкілдерін тарту жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Кездесуде "Омбудсмен туралы" заң қабылдау жөнінде айтылып, Уәкіл институтына мемлекеттік қолдау көрсету және оның әлеуетін өңірлер деңгейінде нығайту мәселесі талқыланды.

Президент азаматтардың тікелей қатысуымен қоғамдық бақылау түрлерінің бірі ретінде 2014 жылы құрылған Азаптаулар мен қатыгездікті болдырмау бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қызметін жалғастырудың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге жәрдемдесу қажеттігін айтып, Үкімет әзірлеген "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасы аясында қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу