Мемлекет басшысы "AMANAT" партиясының мүшелеріне алғыс айтты

Президент Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құратынын тағы да қайталады.  

Мемлекет басшысы "AMANAT" партиясының мүшелеріне алғыс айтты Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай пікірін Парламент палаталарының бірлескен отырысында атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Бүгін мен "AMANAT" партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын" деген Қасым-Жомарт Тоқаев аманаттықтардың шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсеткенін жеткізді.

– Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде "ӘДІЛЕТ" партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын.
 
Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз.
 
Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз  – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек" деп нақтылады. Сол себепті, көпшілікті жұдырықтай жұмылуға шақырды. 

– Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз.

Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын! – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу