Мемлекет басшысы әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды

1269

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтты. 

Мемлекет басшысы әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды

Ақордада жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтады деп хабарлайды inbusiness.kz  Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ғаламдық катаклизмдер мен әлемдегі геостратегиялық тұрақсыздық жағдайында әскери кадрлардың рөлі еселеп артып келе жатқанын атап өтті.

"Қазақстан - бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет, бірақ біз ұлттық мүдделерге қауіп төндіретін кез келген іс-әрекеттерге, соның ішінде әлемде жиі болып жатқан қақтығыстар жағдайында қарсы тұра аламыз", - деді Президент.

"Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды  қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналатынын айтты. Жаһандық өзгерістер мен геостратегиялық тұрақсыздық жағдайында әлемде әскери қызметшілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Ал ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері "Жусан" арнайы операциясын мінсіз орындады. Полиция мен прокуратураның қызметі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу