Мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесті

818

Мемлекет басшысы атқарған мінсіз еңбектері үшін бірқатар азаматты алғысхатпен марапаттады. 

Мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялық қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті экономика саласын әртараптандыру, соның ішінде полиэтилен, полипропилен өндіру және балық шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.

"Жергілікті экономиканың мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінің басқа да салаларын дамыту қажет. Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және осы секторға инвесторлар тарту керек. Қабылданған шаралардың нәтиже бермей жатқанын көріп отырмыз. Біздің азаматтар нақты істер күтеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдік бұл мәселеге баса назар аударуы керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй, экология және көлік инфрақұрылымы мәселелерін шешуге ерекше тоқталды.

"Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз жол болуға тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды! Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын. Мысалы, қазір Индер мен Миялының арасындағы 120 шақырымды жүріп өту үшін 5 сағат керек. Ал жөндеуден кейін бұл аралықты 1,5 - 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ел бюджетін жоспарлау кезінде трансферлердің әділ бөлінуі мен жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту туралы да айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті қатысушыларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен және қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, табыс пен бақ-береке тіледі. 

Мемлекет басшысы атқарған мінсіз еңбектері үшін бірқатар азаматты алғысхатпен марапаттады. Олардың арасында Атырау облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімнің меңгерушісі А.Дүсіпов, "Болашақ К" қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Жұмабаева, мұнай және газ өңдеу цехының операторы Н.Ерғалиев, "Амангелді атындағы" балық шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі У.Есалиев және  Атырау қалалық №17 орта мектеп лицейінің математика пәнінің оқытушысы С.Ерошенко бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу