Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің президенті Такехико Накаоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін ризашылық білдіреміз. Банктің ел экономикасының өркендеуіне атсалысуы өте маңызды. Біз мұны жоғары бағалаймыз", – деді Президент.
Азия даму банкінің президенті Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен таныс екенін жеткізіп, аталған стратегиялық құжаттың негізгі бөлімдеріне, әсіресе, оның әлеуметтік маңызына оң бағасын берді. Оның айтуынша, Жолдаудың мақсаты мен міндеті Азия даму банкінің даму басымдықтарымен үйлеседі.
"Сіз Жолдауыңызда адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға және мұғалімдердің жалақысын арттыруға зор көңіл бөлдіңіз. Бұл – адам капиталы дамуының маңызды бөлігі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды әрқашан қолдаймыз", – деді Такехико Накао.