Мемлекет басшысы Азия ойындарына қатысқан спортшыларды жүлделерімен құттықтады

390

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады, деп   inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Азия ойындарына қатысқан спортшыларды жүлделерімен құттықтады Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін  құттықтап, Ризабек Айтмұханның еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғанын атап өтті. 

Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты.

Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды.

Осы орайда Мемлекет басшысы спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.

– Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.

– Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу