Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдау кезінде қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясатын іске асыру стратегиясын әзірлеу барысында халықаралық нарықтағы іргелі үрдістерді ескеру қажеттігін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа Стратегия еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қаржы жүйесінің орнықты дамуына тың серпін беруі керек.
Мемлекет басшысы Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне AQR қорытындысы бойынша Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыруды, отандық банк секторының сапасына белгіленген мерзім бойынша бағалау жүргізуді тапсырды.
Президент айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде атап өтті.
"Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.