Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады

536

Кездесуде Бас прокурор Қазақстан Президентінің дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат берді.  

Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады

Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Ғизат Нұрдәулетов жол жөндеуге және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бағытталған 130 тендер өткізу кезінде заңсыздықтар анықталғанын айтты. Соның арқасында 16,5 миллиард теңге көлеміндегі бюджет сомасы сақталып қалған. Сонымен қатар "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында жалған жұмыспен қамтудың 6 мың фактісі белгілі болған.

Бас прокурор дәрі-дәрмек дайындау бойынша бірқатар заң бұзушылықтардың жолы кесілгені жайында баяндады. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді өз құнынан жоғары бағамен сатып алу, мемлекеттік сатып алу процедураларының жүйелі түрде бұзылуы, тиімсіз жоспарлау мен бағаны бұрмалау фактілері анықталған. Құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 400 000 бума дәрі-дәрмек пен жалпы сомасы 1 миллиард теңгені құрайтын 12 миллион медициналық бетперде тәркілеген.

Сондай-ақ Ғизат Нұрдәулетов қылмыс деңгейінің 35%-ға қысқарғанын атап өтті. Ал ұрлық жасау, тонау, бұзақылық және зорлау екі есе азайған.

Прокурорлар азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында биыл 54 адамға қатысты дәлелсіз қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан, сонымен қатар, қызметтік мекемелер мен изоляторлардан 500 адам босатылған. Прокурорлардың нақты жұмысының нәтижесінде 585 азаматқа қатысты сот шешімдері заңға сәйкестендірілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп бұзушылықтардың алдын алып, кінәлілерді жазалауда нақты іс-қимыл қабылдау арқылы дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асуын бақылауды жалғастыру керек деп тапсырды. Бұдан бөлек Президент құқық қорғау органдарының қылмыспен күрес қызметін үйлестіруді күшейту қажет екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу