Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Қазақстанның Еңбек Ері" атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан дамыту жолындағы аса үздік жетістіктері үшін "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақовқа және Қостанай облысының "Қарасу" СӨК" ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа берілді.
"Отан" орденімен – Астана қаласындағы "Стройконструкция" АҚ президенті В.Д.Буллер, І дәрежелі "Барыс" орденімен – Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Р.Жақсыбеков және Жоғарғы Соттың төрағасы Қ.Ә.Мәми, ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен – "Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы" РМҚК нұсқаушы-спортшысы З.Р.Габидуллина, "Қазақстан теміржолы" ҰК" АҚ президентінің кеңесшісі Ф.Х.Галимов, "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы" РҚБ президенті М.Жұрынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының директоры З.Л.Федотова, ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен – журналист, қоғам қайраткері А.Бекбосын, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Б.Ә.Бекназаров, "Базис" холдинг компаниясы" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.Я.Белович, композитор А.Қоразбаев, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.А.Коржова, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед, Оңтүстік Қазақстан облысы "САУТС ОЙЛ" ЖШС президенті С.Сейітжанов, Ақмола облысы "Агрофирма "TNK" ЖШС бас директоры Б.Т.Уәлиев, академик Т.Шарманов, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ басқарма төрайымы Ү.Б.Шаяхметова және басқалар марапатталды.
Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлерінің, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі "Парасат" орденімен атап өтілді, олардың арасында "Тұран" университетінің ректоры Р.Алшанов, актер Д.Ахимов, "Ұлттық өнер" ЖШС директоры Т.Н.Бурмистрова, "Қазақстан Алюминийі" АҚ президенті А.Есенжолов, жазушы Қ.Жиенбай, "Камерата Казахстана" классикалық музыка ансамблі" РМКК директоры Г.Мырзабекова, Маңғыстау облысы "Сенек" ЖШС директоры Қ.Наурызмағанбетов, "Еуразиялық құқық қорғау орталығы" ҚҚ президенті Е.Нұрғалиева, Солтүстік Қазақстан облысы "Тайынша-Астық" ЖШС бас директоры А.Б.Рафальский, Сәулетшілер одағының президенті А.Рүстембеков, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Қ.Тастанбеков пен Т.Тасыбекова, ақын С.Тұрғынбекұлы бар.
ІІ дәрежелі "Достық" орденіне "Вайнах" Қарағанды облысының шешен-ингуш этномәдени бірлестігі" ҚБ төрағасы У.Джанаев, Астана қаласы "Жастар театры" МКҚК көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай, "Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы" РҚБ президенті Б.Жұмағұлов, "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" РМК профессоры Н.Каюпова, "Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры" РМҚК директоры Л.Ни, "С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті" РМК профессоры К.Ормантаев, әнші Р.Рымбаева, жазушы Р.Сейсенбаев, Моңғолияның "Жерлестер" қазақ қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары С.Тәукейұлы және басқалар ие болды.
"Құрмет" орденімен марапатталғандар қатарында режиссер Р.Әбдірашов, "Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті" РМК профессоры Қ.Алпысбаев, жазушы Ж.Ахмадиев, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы "№19 жалпы орта білім беру мектебі" ММ директоры Ә.Ахмерова, Алматы қаласы "Аймақтық диагностикалық орталық" РМК рентгенолог-дәрігері М.Байжанов, "Ертіс су жолдары кәсіпорны" РМҚК "Малайсары Тархан" кемесінің ауысым капитаны – механигі А.Н.Бедрин, "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары М.Бекбосынова, "Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі" МКҚК директоры К.Ботабаев, Алматы облысы "Дәулет Бекет" ЖШС бас директоры С.Дәулетов, Атырау облысы Елтай ауылдық округінің әкімі Е.Дүйшім, Батыс Қазақстан облысы "Киргенев" ШҚ басшысы Қ.Киргенев, Ақтөбе қаласы "Облыстық Достық Үйі" МКҚК "Достық сазы" халықтық фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Б.Зейнелов, шахматшы Д.Сәдуақасова, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев бар.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінің иегерлері атанды.
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 53 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 539 адам наградталды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі "Айбын" ордендерімен, "Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.
Марапатталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.