Мемлекет басшысы бірыңғай көлік жүйесінің артықшылығын атады

1615

Армения астанасында Жоғары экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы бірыңғай көлік жүйесінің артықшылығын атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдері бірыңғай көліктік жүйені әзірлеуді жеделдетуі керектігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"ЕАЭО жаһандық нарықтардың қиылысында орналасқан. Бұл бағыттағы әлеует орасан зор. Қазіргі таңда экономикалық одақ Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды көліктік торабына айналды. Бұл артықшылықты дұрыс пайдалану керек. Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша экспорттық және импорттық, транзиттік операциялардың тұрақты өсімі байқалады. Біздің тауарларды АСЕАН елдеріне жылжыту бойынша логистикалық мәселелерді шешетін "Вьетнам – Қытай – Қазақстан – Еуропа" бағытындағы трансқұрлықтық темір жол бағдары іске қосылды. Аталған көліктік дәліз теңіз жолдарындағы тасымалдарға сәтті балама бола алады, Оңтүстік-шығыс Азиядан Еуропаға қысқа уақыттың ішінде жүктерді ЕАЭО мемлекеттерінің аумағы арқылы әкелуге мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Президент осынау мүмкіндіктерге қарамастан, контрсанкциялы тізімге енген тауарлардың транзитіне қатысты қиындықтар туындайтынын атап өтті.

"Бұның бәрі біздің елдердің өзара да, үшінші елдермен ынтымақтастығына да жайсыз тиеді. Жасалып жатқан транзиттік жүйе экономикалық одақ аумағында кедергісіз транзитке, кедендік процедураларды жылдамдатуға жағдай жасайды. Комиссия мен біздің Үкіметтер ЕАЭО елдерінің бірыңғай көліктік жүйесін әзірлеуді жеделдетуі тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы "Хабар 24" арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Арменияның Премьер-министрі Николай Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысуда.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу