“Біз Қазақстанды жаңғыртамыз десек, бұл мәселені қалайда шешуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобалар өз саласының қажетін өтеуі керек. Сонда ғана инновациялық даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз. 2013 жылы мұнай-газ өндіру саласында кешенді жұмыс атқарылды. Оны ғылыми-технологиялық жағынан дамытудың жол картасы жасалды. Мұндай жұмыс барлық салада жүргізілуге тиіс. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Жапонияда осы жұмысты арнаулы институттар атқарады. Олар ғылымды және технологияларды жоспарлаумен, бағалаумен айналысады, ғылыми-техникалық ақпаратты талдайды. Сондай-ақ, тың зерттеулер жүргізіп, технологияны дамыту ісін үйлестіреді”, – деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстанға да осындай міндеттерді атқаратын орталық қажет екенін атап өтті.
“Сондықтан, бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын. Ғылыми қызметті тиімді басқару және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу – маңыздың міндеттің бірі. Сол себепті, осы саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыру керек. IT саласындағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, Қазақстан ғылымының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға тиіспіз”, – деді Президент.