ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан технологияларды нетто-экспорттаушы ел мәртебесін ресми түрде бекітті. IT-қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы позицияларымыз халықаралық деңгейде де расталып отыр. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орында тұр, ал онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемдік көшбасшылардың алғашқы ондығына кіреді. Біздің алдағы міндетіміз – бұл табысты еселей түсу", – деді Президент.
Мемлекет басшысы елордада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылғанын атап өтті.
"Бұл орталық дарынды әзірлеушілерді өзіне тартатын орын ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді жасау мен енгізудің негізгі аймақтық алаңына айналуы тиіс. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің цифрландыру, платформалық шешімдерді енгізу және мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдері саласындағы жетістіктерін мұқият зерттеп, жоғары бағалайтынымызды атап өткім келеді. Одаққа мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Ұлттық құзыреттерді дамытумен қатар, бірлескен технологиялық бастамаларды белсенді түрде қалыптастыру, озық тәжірибелер мен тиімді шешімдермен алмасу қажет деп есептеймін. Мұндай тәсіл Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық дамуын айтарлықтай жеделдетуге және экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, бұған дейін Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысқанын жазғанбыз.