Мемлекет басшысы Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды

 Энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін де көтерді. 

Мемлекет басшысы Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды Фото: Валерий Бугаев

Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығы мен желілеріндегі апаттың салдарынан кешеден бері жүздеген тұрғын жылусыз отыр. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселеге назар аударып, қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Тұрғындарға тиісті көмек берілетінін хабарлады. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды.

Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды.

"Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр", - деп мәлімдеді Руслан Желдібай.

Бұған дейін Екібастұздағы жылу-электр орталығы кәсіпорынның қиын жағдайын алға тартып, станцияны мемлекет меншігіне тегін өткізуге даяр екенін хабарлаған еді. Алайда бұған қатысты нақты шешім техникалық аудиттен соң қабылданатын боп келісілген-ді.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу