Елбасы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде басқарма төрағасы мемлекет басшысына холдингтің жұмысы туралы есеп беріп, оны бұдан әрі дамыту жоспарын таныстырды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін холдингке бөлінген қаражатты уақтылы әрі сапалы игерудің маңыздылығын айтты.
Президент индустриялық инновациялық даму бағдарламасы мен "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасының орындалуына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды.
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы мемлекет басшысына холдингтің құрылғаннан бергі көрсеткіштері ұдайы өсіп, былтыр оның активтері 2015 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқанын баяндады.
Сондай-ақ Ерболат Досаев президентке отандық автокөлік өндірушілерін қолдау, машина құрастыру саласын қаржыландыру, шағын және орта бизнеске және экономиканың түрлі секторындағы басқа да кәсіпорындарға жәрдемдесу мәселелері жөнінде мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу соңында бірқатар тапсырма берді.