Мемлекет басшысы Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті

1013

Елбасы оларды АХҚО жұмысына атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Еуропа елдері Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды серіктестері саналатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еуропадан 180 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартылды. Біз Еуропа қайта құру және даму банкімен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Осы жылдар ішінде бұл банк жалпы құны 7 миллиард еуродан асатын жобаларды қаржыландырды", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Еуропа елдерімен тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтып, Қазақстанда Еуропа капиталының қатысуымен түрлі салаларда 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.

"Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қара теңіз, сондай-ақ Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 автомобиль жолы өтеді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызу мәселелеріне ерекше тоқталды.

"Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі саналады және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Біздің елімізде президент жанындағы Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Оған мүше болып отырған 33 шетелдік компанияның 13-і – Еуропа өкілдері. Бізде 66 елдің, соның ішінде Еуропаның 33 елінің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамытудың маңыздылығын атап өтіп, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.

"Біздің елде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа "Астана Хаб" халықаралық технопаркі іске қосылады. Оны әлемнің ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инфрақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза мен еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық жеңілдіктері де ұсынылатын болады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстанның ірі компанияларының ІРО-ға шығуы және мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында ынтымақтасуы тұрғысынан еуропалық инвесторлар әлеуетінің маңызды екенін айтты.

"Елордада "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ, олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Сіздердің компанияларыңызды осы қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырамын", – деді елбасы.

Соңында мемлекет басшысы бұл кездесудің елдеріміз арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, қатысушылардың бәріне табыс пен бақ-береке тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу