Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Эммануэль Макронды Франция Республикасының президенті сайлауындағы жеңісімен шын жүректен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Франция халқы Сізге дауыс беру арқылы өзіңіз жариялаған, елдің қарқынды дамуына бағытталған өзгерістерді қолдайтынын көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен Франция өркендеу жолында жаңа тамаша табыстарға қол жеткізетініне кәміл сенемін", – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын айтып өтті.
"Өзара іс-қимылымыз өрістеп, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін мақтан тұтамыз. Сізбен және Франция үкіметімен ортақ мүдделі мәселелер жөнінде жаңашылдық пен талпыныс рухында бірге жұмыс бастауға дайынбыз. Жан-жақты ықпалдастығымыз халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі нығая береді деп үміттенемін", – дейді елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Франция көшбасшысының бастамаларына сәттілік, ал француз халқына бақ-береке тіледі.