Мемлекет басшысы Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды akorda.kz.
Елбасы келіссөздердің ашық әрі сындарлы сипатта өткенін айтты.
"Біз екіжақты өзара іс-қимылдың кешенді мәселелерін талқылап, халықаралық өзекті проблемалар жөнінде пікір алмастық. Кездесу қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Израильдің көптеген ауқымды мәселелер жөнінде өзара тиімді іс-қимыл жасай алатынын толық сеніммен айтуға болады", – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Биньямин Нетаньяху сауда-экономика мәселелеріне айрықша назар аударып, жаһандық нарықтың жалпы сауда айналымындағы тиімсіз ахуалдың кері әсерін атап өтті. Осыған байланысты, тараптар өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру үшін қандай мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін талқылады.
"Елдеріміз арасындағы тікелей әуе қатынасын қалыпқа келтіру және визасыз режімді енгізу мәселесін пысықтау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұндай шаралар бизнес саласындағы екіжақты байланыстар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізуге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ пен Израиль арасында еркін сауда аймағын құру екі елдің іскерлік байланыстарын дамытуға елеулі ықпал ететінін және қазір бұл жөнінде нақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Бүгін халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде де қызу әрі ашық пікір алмастық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да көптарапты ұйымдар мен форумдар өзара іс-қимылымыздың маңызды орны ретінде қарастырылды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша тараптардың саяси диалогты ұдайы қолдау, байланыстарды барлық деңгейде дамыту, сондай-ақ серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін бірлесе күш-жігер жұмсау жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.
"Уағдаластықтардың қарқынды түрде іске асуы бүгін біз талқылаған барлық бағыт бойынша екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін", – деді Қазақстан Президенті.
Баспасөз брифингінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев достас Израиль халқын алдағы келе жатқан Ханука мерекесімен құттықтады.