Мемлекет басшысы қаржы министрін қабылдады

602

Мемлекет басшысы қаржы министрін қабылдады

Кездесуде министр мемлекет басшысына "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауда еліміздің қаржы және фискалды жүйесінің алдына қойылған міндеттердің іске асырылу барысын баяндады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық даму деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, негізгі үш міндеттің орындалуына баса назар аударды.

"Біріншіден, тиісті тетіктер қалыптастыру арқылы бюджет кірісін арттыру керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс. Екіншіден, мемлекет шығынын азайту керек. Үшіншіден, бөлінген бюджетті тиімді пайдаланған жөн. Мемлекет үшін қаржы министрі қызметінің тиімділігі оның осы функцияларды қалай атқаратынына тікелей байланысты", – дейді президент.

Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің төмендеуі мен кірістің азаюы байқалған жағдайда қаржы министрлігінің бюджетті толықтырудың қосымша тетіктерін қалыптастырып, мемлекеттік қарыздың қауіпсіз параметрлерін қамтамасыз етуге тиістігін айтты.

"Негізінен, экономикадағы өсім Ұлттық қордың қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. Көптеген ұйым одан әрі игеру үшін қашан қаржы бөледі екен деп, қол жайып қарап отырады. Қаржы министрлігі бұл үдерісті шектеп, бақылауда ұстауға тиіс. Біз Ұлттық қорды ұлғайтуымыз қажет", – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына қаржылық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, тексерісті қысқарту және кәсіпкерлік секторға түсетін ауыртпалықты азайту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аудит жүйесіне алдын алу шараларын енгізу жөнінде ведомство қолға алып жатқан шаралар туралы баяндады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу