"Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады" – Қасым-Жомарт Тоқаев

64

Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады.

"Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады" – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

 Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық. Осы орайда, құрметті Никол Воваевич Пашинянның Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өткім келеді. Никол Воваевич Пашинян халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танымал, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінгі мазмұнды келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады.

– Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік. Оған қоса, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты қадамдарды қолға алуға келістік. Жаңадан құрылған Қазақстан – Армения іскерлік кеңесі екі ел бизнес өкілдерінің басын қосып, екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асыруға тиіс, – деді Президент.

Қазақстан "TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы" жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр. 

Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген.

– Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы "Бейбітшілік қиылысы" бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз "TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы" жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілілгенін атап өтті.

– Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Армения жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті.

Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық. Премьер-министр Пашинян мырза аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub және Alem.ai жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады. Келесі жылы Alem.ai негізінде Арменияның TUMO Astana халықаралық білім беру орталығы ашылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы пікір алмасты.

– Біз білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқыладық. Студент алмасу үшін үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өттік. Екі елдің денсаулық сақтау саласындағы әлеуетін ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізуге келістік. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыстар туралы пікір алмастық. Былтыр Астанада Армения мәдениетінің күндері өткенін білесіздер. Ал биыл Ереванда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бүгін елорда көшелерінің біріне ұлы армян ағартушысы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Осындай бастамалар халықтарымыздың рухани жақындығын көрсетеді. Бұл – елдеріміздің ұлт перзенттеріне деген шынайы құрметінің көрінісі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігеріне және ұсынған жоспарына қолдау білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, тараптар аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екі елдің көптеген түйткілге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін растаған.

– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу