Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды.
"Қазақстанда тәжік халқына ерекше құрметпен қарайды, сондай-ақ достық, бауырластық және өзара қолдау рухындағы ынтымақтастығымызды нығайтуға айрықша мән береді. Сондықтан бұл сапар өте маңызды. Жаңа ғана сіздің сапарыңызды тарихи сапар деп атап өттік. Өйткені ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады. Екі ел арасында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылады. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Себебі одақтастық қарым-қатынас аясында жаңа стратегиялық жобалар жүзеге асырылады. Біз жаңа ғана екі немесе үш ірі стратегиялық жоба әзірлеу қажет екенін айттық. Екі ел үкіметтеріне осы міндетті жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердік. Жақын арада екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын", – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі екенін атап өтті.
"Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Біздегі дерек бойынша тек былтырдың өзінде өзара сауда көлемі 1,4 миллиард долларға жетті", деді Тоқаев