Мемлекет басшысы: Қазақстанға "кәсіпкерлердің жаңа толқыны" керек

787

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі кәсіпкерлер елде тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. 

Мемлекет басшысы: Қазақстанға "кәсіпкерлердің жаңа толқыны" керек Фото: google

Президент Қазақстанға мемлекеттің ресурсына арқа сүйемейтін, мықты кәсіп құра білген "тың күштер" қажет екенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz 

"Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді", - деді ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңейтілген кеңесте.

Бұл ретте мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады, деп атап өтті Тоқаев.

"Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу" әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн. Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады",  - деді Мемлекет басшысы.

Президент елге "кәсіпкерлердің жаңа толқыны" керек екенін тілге тиек етті.

"Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген "тың күштер" қажет", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу