Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты

552

Еліміз ынтымақтастық орнатуға дайын, келіссөздерге ашық.  

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz
Бұл туралы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды. 

"Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын. Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын", – деп жазылған хабарламада. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайтынын атап өтті.

"Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. 
Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек", – деді Қазақстан Президенті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу