Қазақстан Президенті Астана мен Браззавиль арасында мәдени-гуманитарлық байланыс орнату өте маңызды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Конго жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар екі ел халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанына және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ортақ екеніне назар аударды.
– Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Сонымен қатар біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты пікір алмастық. Қазір ең өзекті мәселенің бірі – климаттың өзгеруі. Біз осы қатермен бірге күресіп, тығыз жұмыс істеуге келістік. Мен Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық онжылдығын жариялау туралы бастамасын қолдаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапары тарихи маңызға ие екенін айтты.
– Бұл сапар Қазақстан мен Конгоның қарым-қатынастарына тың серпін береді деп санаймын. Сонымен қатар Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз. Біз бір-бірімізді қолдап, табысқа бірге жететінімізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Конго Президенті Қазақстанмен энергетика саласы бойынша байланыс орнатудың перспективасына баса назар аударды.
– Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделген. Қазақстанның осы салада тәжірибесі мол. Бұдан бөлек пайдалы қазбалардың өзге де түрлерін игеруде ықпалдастық орната аламыз. Бұл орайда Конгоның энергетика секторы қазақстандық операторларға зор мүмкіндік ұсынады, – деді Дени Сассу-Нгессо.