Мемлекет басшысы Конституциялық кеңеске жүгінуіне қатысты бейне үндеу жариялады

984

Еліміздің Конституциялық кеңесі дүйсенбі күні елбасының Конститутцияның 42- бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін өндіріске қабылдаған болатын. 

Мемлекет басшысы Конституциялық кеңеске жүгінуіне қатысты бейне үндеу жариялады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциялық кеңесіне жасаған өтінішін еліміздің Конституциясында президент лауазымынан қандай жағдайда өз еркімен кету мүмкін екені нақты көрсетілмегенімен түсіндірді. 

"Конституцияда президент қандай жағдайда лауазымынан өз еркімен, яғни отставкаға кететіні көрсетілмеген. Әлемнің барлық Конституцияларында ол бар. Осыған байланысты маған осындай сұрақтар қойылды, Конституциялық кеңеске оны түсіндіріп беруді сұрадым",– деді  президент сейсенбі күні президент баспасөз қызметінің әлеуметтік желілерде жариялаған бейне үндеуінде.      

 "Мұнда тұрған ештеңе жоқ, оған бола даурығудың керегі жоқ", – деді президент. 

Президенттің сайтында жарияланған мемлекет басшысының сөзінде де аталған жағдайды нақтылау "аталған аспектілердің үлкен маңыздылығына" байланысты деп көрсетілген. 

Еліміздің Конституциялық кеңесі дүйсенбі күні елбасының Конститутцияның 42- бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы жолдауын өндіріске қабылдады. 

Конституцияның 42-бабының 3-тармағында: "Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің, қызметінен кетірілгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президенті деген атағы болады" деп көрсетілген. 

Заңнамаға сәйкес Конституциялық кеңес бір ай ішінде мемлекет басшысының үндеуі бойынша шешім шығаруға тиіс. 

Биыл жасы 79-ға толатын Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның тұңғыш және жалғыз президенті. 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан бері президент сайлауларында бірнеше рет жеңіске жеткен. Соңғы рет 2015 жылы сайлаушылардың 97,75% дауысын алды. Президенттің қазіргі өкілеттігінің мерзімі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу