"Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер жайлы ел ішінде ғана емес, алыс шетелде айтылып жатыр. Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі.
Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек"
"Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі.
Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар.
Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ" - деді Президент.