Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға екі жақтың да ниетті екенін нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы "Әл-Фараби" мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын алғыс айтып, алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.
Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді.