Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында мәлімет берілді.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, 2021 жылдың бірінші тоқсанында жүк айналымының көлемі пандемияға қарамастан 53,4 миллиард тонна-шақырымды құраған, бұл өткен жылғы осы кезеңнің деңгейімен сәйкес келеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ желісінде 60 миллион тоннадан астам жүк тиелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Ел ішінде 40 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды, аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен.
Бұдан бөлек Президентке жүргізілген келіссөздердің арқасында Алашаңқай – Достық және Қорғас – Алтынкөл шекаралық өткелдерінде ұзақ тұрып қалған жабық вагондар мәселесі шешімін тапқаны жайында айтылды.
Сонымен қатар пандемияға байланысты жолаушылар саны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5 пайызға төмендеген.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы транзиттік әлеуетті, оның ішінде, Қытай – ЕуроОдақ – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалды дамыту, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі жобалар, сондай-ақ, цифрлық трансформация және компанияның қаржылық орнықтылығы бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Сауранбаевқа бірқатар нақты тапсырма берді.