Президент Астананың №1 Индустриалдық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа винилді гипсокартон панелін шығаратын "Гипсовинил", өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдері көрсетілді.
Сондай-ақ көрмеде "Астана электротехника зауытының", "Арыстан" Астана құбыр зауытының", құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.

Бұдан бөлек, Президентке мемлекет-жеке меншік серіктестік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перспективасы жайында баяндалды.
Аталған алаңда жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Соның ішінде "Астана-Технополис" арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылатын болады.
Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 миллион теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделген.