Мемлекет басшысы Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтады

648

Елордада алғашқы Орталық Азия медиа форумы басталды. Екі күнге созылатын іс-шараға 100-ден аса спикер қатыспақ. 

Мемлекет басшысы Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтады Фото: akorda.kz

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Орталық Азия медиа форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп жазады inbusiness.kz.

"Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді бірінші Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу, яғни өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу айрықша маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы, бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ рухани мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдер арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. ХХІ ғасырда Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою рәсімінің осы мерейлі жылы бастауының зор символдық мәні бар. Стратегиялық құжат біздің жан-жақты серіктестігімізді нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Менің Орталық Азия мемлекеттер басшыларының IV консультативтік кездесуінде біздің елдеріміз туралы хабар тарататын ортақ телеарна ашуды немесе арнайы сайт құруды ұсынғанымды білесіздер. Бүгінгі форумда бұл мәселе де жеке талқыланбақ. Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек, бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеялары мен жарқын істерін жер жүзіне танытамыз. Бүгінгі алқалы жиын мазмұнды әрі мағыналы өтіп, елдеріміздің сан салалы байланыстарын нығайта түсетін дәстүрлі бас қосуға айналады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Айта кету керек, бірінші Орталық Азия медиа форумын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырып отыр. Форумға қатысушылар өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы және т.б. өзекті мәселелерді ортаға салмақ.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу