Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ Орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.
Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.
Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, медициналық ұйымның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.
– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.