Мемлекет басшысы Садыр Жапаровты І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады

187

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі "Достық" орденін табыс етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Садыр Жапаровты І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады Фото: akorda.kz

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

– Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.

– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу